Талдықорған қаласындағы «Жастар» Спорт сарайында Президенттік шырша мерекесі өтті. Оған облыстың түкпір-түкпірінен жетім балалар, аз қамтылған, көп балалы және толық емес отбасыларынан шыққан балалар – жалпы саны 200 озат оқушы қатысты.
Балалар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнеқұттықтауын тыңдағаннан кейін облыс әкімі Амандық Баталов та құттықтау тілегін білдірді.
— Бүгінгі Презииденттік шыршаға облыстың әр түкпірінен келдіңіздер. Барлығың талантты, ақылды, үздік оқушысыңдар. Елдің болашағысыңдар, мемлекеттің ертеңгі тірегісіңдер. Сол үшін жақсы оқып, талапты болуларың қажет. Біз сендерге үлкен үміт артамыз. Жаңа жылда арман-тілектерің орындалып, қуаныштарың көбейе берсін, — деді облыс әкімі А. Баталов.
Балаларға Президенттің атынан Жаңа жылдық сыйлықтар тапсырды.
Аяз Ата мен Ақша қарды космостан күтіп алған балалар Жаңа жылдық шыршаның шамын жақты, ойын ойнап, шыршаны айналып ән салды. Ескі Мешін жылын шығарып сап, жаңа Тауық жылын қарсы алды.
Мерекеде отандық өнерпаздармен қатар, украиналық және беларуссиялық акробаттар өнер көрсетті.